Басты жаңалықтарСпорт

Ақтөбелік спортшылар чемпиондық белдіктерін қорғап қалды

Жерлесіміз Жалғас Жұмағұлов Ресейдің Сочи қаласында өткен Fight Nights Global 95 турнирінің басты жекпе-жегінде ресейлік Али Багаутиновты ұтып, чемпиондық белдігін қорғап қалды. Бес раундтың қорытындысында төрешілер ұпай санымен жеңісті Жұмағұловтың еншісіне жазды. 31 жастағы спортшымыз жекпе-жектен кейін өз сөзінде UFC спортына ауысатынын мәлімдеді. Бұл Жалғастың спорттық мансабындағы он үшінші жеңісі.

Ақтөбеліктер кеше жеңіл салмақтағы M-1 Global нұсқасы бойынша чемпион Сергей Морозовты әуежайдан күтіп алды. 30 жастағы спортшы Нұр-Сұлтан қаласында өткен M-1 Challenge-105 турнирінде өз салмақ дәрежесінде чемпиондық атағын қорғап қалды. Бұл қазанның 18-19 аралығында M-1 Global және FNG95 тұжырымдары бойынша ұйымдастырылған болатын.

M-1 челленджден жеңіл салмақта сынға түскен жерлесіміз 29 жастағы қарсыласы  америкалық Джош Реттингхаустан бес раунд қорытындысы бойынша ұпай санымен озды. Қос спортшы бұған дейін 3 жыл бұрын кездескенде, америкалық спортшы Морозовты бірінші раундта-ақ техникалық нокаутпен қапы қалдырса, бұл жолы кеткен есесін қайтарды. Сергейдің еншісінде 15 жеңіс, 4 жеңіліс бар.

Әуежайда сұхбат берген спортшы бұл сайысқа тыңғылықты дайындалғанын айтты.

Жекпе-жекке дайындық өте жоғары деңгейде өтті. Жаттығудың бірінші кезеңін Шымбұлақта, ал екінші кезеңді Ақтөбе қаласында өткіздік. АҚШ спортшысымен өткізген үш жыл бұрынғы жекпе-жекте жіберген қателіктермен жұмыс жасадым. Жекпе-жек алдында кері шегінбей, үнемі шабуылға шығу тактикасын қойдық. Джош Реттингхаус жылдам қимылдайтындықтан, оған ашық кеңістікте еркін ойқастауға мүмкіндік бермеуге тырыстым. Бұл кездесу мен үшін қайта тапсырылған емтихан десем де болар, — деді спортшы.

Сергей Морозовтың бапкері Айбек Шоқпытов қазақстандық спортшы жекпе-жекте қарсыласынан барлық көрсеткіштер бойынша алда болғанын айтты. Сонымен қатар, үш жыл бұрын Сергейдің тәжірибесінің аз болғанын, әуесқойлар сапынан кәсіпқой деңгейге ауысып жатқан кезі екендігін атап өтті.

Нұр-Сұлтан қаласында өткен жекпе-жекте Морозовтан бөлек, M-1 челленджден Азамат Марқабаев грузиялық Бека Гогаладзені тізе бүктірді. Жалғас Жұмағұловтың андеркартында октоганға көтерілген Нұрбек Қабдрахманов 65 кг салмақ дәрежесінде ресейлік Федор Бабичті ұтты. Нұрбек осы тұжырымда екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де жеңіске жетсе, Азамат жеті кездесудің бесеуін жеңіспен аяқтады.

Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button